БҚО-да 20 тонна жұмыртқаны заңсыз тасымалдауға тосқауыл қойылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде заң бұзушылық анықталды.

Фото: АШМ

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясынан мәлім еткеніндей, Ресейдің Самара қаласынан Астанаға бағыт алған жүк көлігі тексерілген. 

Қарап-тексеру ҰҚК Шекара қызметінің БҚО бойынша департаменті қызметкерлері мен кезекшіліктегі мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлардың қатысуымен жүргізілген.

Тексеру барысында 20 тонна тағамдық тауық жұмыртқасын Қазақстан аумағына тиісті ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз әкелуге әрекет жасалғаны анықталды.

Нәтижесінде жүк көлігі шығу бағытына кері қайтарылып, жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 17 сәуірдегі №146 бұйрығына сәйкес, Қазақстан аумағына барлық көлік түрлерімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден тауық жұмыртқаларын әкелуге 2026 жылғы 21 сәуірден бастап алты ай мерзімге тыйым салынған.

Инспекция мәліметіне сәйкес «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде жыл басынан бері 216 заң бұзушылық белгілі болып, соншама автокөлік шығу бағытына кері қайтарылды. 90 жүк тасымалдаушыға әкімшілік хаттама толтырылып, 8 млн 044,5 мың теңге айыппұл салынды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жүк тасымалдаушылар тарапынан 200-ден астам заң бұзушылық анықталғанын жазған едік.