БҚО-да 2030 жылға қарай 10 мың тонна балық өсіру көзделіп отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 2030 жылға қарай жылына 10 мың тонна балық өсіру көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бисенғали Хайруллиннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, өткен жылы сәуірде Үкімет 2021-2030 жылдарға арналған Балық саласын дамыту бағдарламасын қабылдаған болатын.

Соған байланысты балық өсіруді жолға қою арқылы оның өнімдерін ішкі нарықта тұтынуды көбейтіп, импорт көлемін азайту жоспарлануда.

Осы бағытта өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілді.

Екіншіден, су айдындарын балық аулау шаруашылығынан балық өсіруге ауыстыру жеңілдетілді.

Үшіншіден, балық өсіру шаруашылығы үшін су қорғау белдеуінде жер берудің шектеулері алынып тасталды.

Төртіншіден, жобалық-сметалық құжат, мемлекеттік сараптама сияқты кедергілер алынып тасталып, тек эскиздік жоба негізінде балық өсіру тоғандарын салуға мүмкіндік берілді.

Басқарма басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, осындай іс-шаралар нәтижесінде бизнесте іскерлік белсенділік арта бастады. Мысалы, 2020 жылмен салыстырғанда, өткен жылы балық өсіру нысандарының саны 2,5 есеге өсіп, 29-ға жетті. Өсірілген балық көлемі 2019 жылмен салыстырғанда, 157 тоннадан 515 тоннаға дейін немесе 31 пайызға ұлғайды.

Облыс бойынша 91 су айдыны жергілікті балық шаруашылығы су айдындары болып танылды. Күні бүгін 64 су айдыны балық шаруашылығын жүргізу үшін 48 нысанға бекітілді.

«Көл-тауарлық балық өсіру шаруашылығын енгізу, тор желілерін, тоғандарды салу және тұйық сумен жабдықтау қондырғылары жағдайында балық өсіру үшін бекітілген су айдындарының санын ұлғайту есебінен тауарлық балықты өсірудің жоспарланған көлеміне қол жеткізу ойластырылуда. Алайда бұл көрсеткішке балық шаруашылығы су айдындары толығымен сумен қамтамасыз етілген жағдайда ғана қол жеткізуге болады. Облыстың оңтүстік аумақтарын қамтитын көптеген су айдындары, Жайық өзені және Қараөзен мен Сарыөзен Ресейден келетін суға тәуелді. Сонымен қатар көктемгі еріген суға байланысты. Бұл жағдай балық ресурстарының қорына да әсер етеді, өйткені азық-түлік базасы азаяды, қыста балықтардың қырылуына ықпал етеді», дейді Б.Хайруллин.

Қазіргі уақытта балық шаруашылығы нысандары өсірілген балықты әуесқой балық аулауға жолдама беру арқылы сатады. 2022 жылы балық өсіретін 16 шаруашылық құрылды.

Өңірдегі 1 балық шаруашылығы нысаны («Аквамәдениеттің тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісінің оқу-ғылыми кешені» ЖШС) жабық сумен жабдықтау қондырғылары жағдайында тауарлық бекіре өсірумен және тағамдық қара уылдырық өндірумен айналысады. Кешеннің ең көп өндірістік қуаты – жылына 180 тонна бекіре және 10 тонна қара уылдырық өндіру. Мұнда орыс және сібір бекірелері, сүйрік балығын өсірумен қатар будандастыру сияқты ғылыми жұмыстар жүргізіледі.

Жалпы, өткен жылы табиғат пайдаланушыларына бекітілген су айдындарына 973,1 мың дана (31,7 млн теңге) шабақ жіберілді.

2022-2023 жылдарға балық аулау лимиті 196 тонна көлемінде бекітілсе, соның 182 тоннасы кәсіптік балық аулауға қатысты. Қазірдің өзінде бұл квота 91 пайызға игерілген.

Бір айта кететін жайт, өткен жылы балық шаруашылығы нысандарынан өтініш болмауына байланысты республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезіндегі шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялауға бөлінген 3,8 млн теңге қазынаға кері қайтарылды. 2023 жылы бұл мақсатқа 2,270 млн теңге бөлінді.

«Жалпы, қабылданған шаралар кешені инвестицияларды тартуға, балық өнімдерін өндіру мен экспорт көлемінің өсуін қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың балықты тұтыну деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Жыл сайын мүдделі органдар балықтың қырылуының алдын алу және балық ресурстарын сақтау мақсатында облыстың барлық су айдындарын тексереді. Өңірде 220-ға жуық су айдыны болса, соның 184-інде балыққа қатып қалу қаупі төнеді. Қазіргі кезде мұны болдырмау үшін тиісті жұмыстар атқарылуда», деп түйіндеді сөзін Б.Хайруллин.


Фото: osetr.org