ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 22 жастағы жолаушы автокөліктен шыға алмай, өзенге батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, қайғылы оқиға 9 сәуір күні Бәйтерек ауданында болды.
Сағат 00.30-да Январцев пен Красноармейск ауылдары маңында 26 жастағы жүргізуші дала жолымен келе жатып, «Ниссан Премьера» автокөлігінің руліне ие бола алмай қалған. Соның салдарынан аударылған көлік Жайық өзеніне түсіп кеткен.
Жол апатынан жолаушы, Орал қаласының 22 жастағы тұрғыны автокөліктен шыға алмай, суға батып кетті.
Оның мүрдесі судан шығарылып, сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
«Осы оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).