ОРАЛ. ҚазАқпарат - Өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында азық-түлік тағамдарын өндіру, көлік қызметі, мектепке дейінгі білім беру және сауда саласын дамыту бағытында жаңа жобалар талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Жиын қорытындысында «Бизнестің жол картасы - 2020» бірыңғай бағдарламасының бірінші және екінші бағыттары аясында 235,5 млн теңгеге сегіз жоба мақұлданды. Атап айтқанда, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша жабдық алу, бейнебақылау мен өрт дабылын орнату, балабақшада жылжымайтын мүлікті жөндеу, тауар алу үшін айналымдық қаржыны толықтыру, репетиторлық орталық ғимаратын салуға жер телімін алу, жүк тасымалдау үшін автокөлікке қол жеткізу, наубайханаға қажетті ғимарат алуға қолдау көрсетілді.
Айта кетейік, аталмыш бағдарлама аясында 2010-2017 жылдары өңірде 88 млрд теңгеге 744 жоба қолдау тапса, соның 285-і (30,9 млрд теңге) ауылдық жерлерде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).