ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 24 мектеп жауапкершілікке тартылды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Бөрлі ауданы прокуратурасы білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін сақтау бойынша тексеру жүргізген.
Анықталғандай, мектептерде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау қамтамасыз етілмеген.
Атап айтқанда, жертөлелерде жанғыш заттар мен материалдар сақталған. Өрт бола қалған жағдайда оны сөндіру үшін сумен жабдықтау көздері жоқ.
«Өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша нұсқаулықтар бекітілмеген, өрт дабылы жұмыс істемейді. Бұзушылықтарға қарамастан, мектеп директорлары оларды жою шараларын қабылдамай, оқу үдерісін жалғастыра берген. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 24 жалпы білім беретін мектеп Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 410-бабы 1-бөлігіне (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды» деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).