БҚО-да 25 жастағы тұрғын супермаркетті тонап, 6 млн теңгені жымқырып кеткен
ОРАЛ. KAZINFORM – Ақсай қаласында супермаркеттен әкімгерді ұрып-соғып, 6 млн теңгені ұрлап кеткен күдікті ұсталды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жедел іздестіру іс-шаралары барысында Бөрлі аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері қаланың 25 жастағы тұрғынын қолға түсірді.
«Аталмыш күдікті супермаркет ауласында әкімгерді бағып тұрып, ұрып-соғып, кілтін тартып алған. Содан кейін дабыл сигнализациясын өшіріп, супермаркетке кіреді. Сол жерден 6 миллион теңгеге жуық апталық табыс түсімін жымқырып кетеді. Тонау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның Ақсай қаласында бала ұрланғаны жөнінде жалған ақпарат таралғанын жазған болатынбыз.