БҚО-да 26 сәуірде суға батып кеткен балықшының денесі әлі табылмай жатыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстанда суға батып кеткен балықшының денесі әлі табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Теректі ауданының 1978 жылғы тұрғыны 26 сәуір күні балық аулау кезінде Барбастау өзеніне батып кеткен.

Содан бері іздестіру жұмыстары еш нәтиже бермей отыр.

Бүгін сағат 08.00-ден бастап Оралдан барған жедел құтқару жасағының 4 қызметкері 1 техника, 1 жүзу құралының көмегімен Покатилов ауылынан 3 шақырым жердегі Барбастаудан іздестіру жұмыстарын жүргізді. Бұл да нәтижесіз аяқталды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын осы ауданда жоғалып кеткен тағы бір балықшының іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз. 

Фото:stoizsta-yola.ru