БҚО-да 270 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, бұл – жалпы жоспардың 64,9 пайызы.
Оның айтуынша, соның басым көпшілігі, яғни 191 148-і «Спутник V» вакцинасын салдырды.
Сондай-ақ облыс бойынша 253 515 адам екінші компонентті де қабылдады.
Қазіргі таңда Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасын 9 467 адам алса, соның 4 920-сы – жасөспірімдер, 340-ы – жүкті және 4 207-сі – бала емізетін әйелдер.
Өңірде 52 349 тұрғын ревакцинациядан өтті. Соның ішінде «Спутник Lite» вакцинасымен 2 673 адам егілді. «Комирнатимен» 2 307 адам ревакцинацияланса, соның 1 052-і – медицина қызметкерлері, 1 255-і – 60 жастан асқан адамдар.
«Бүгінде қала және аудан емханаларында «Спутник V», «QazVac», «Vero Cell», «Комирнати», «Спутник Lite» вакциналары жеткілікті көлемде бар», деді Г.Әбдірахманова.
Оның сөзіне қарағанда, облыста 1 631 науқас амбулаториялық ем алып жатса, соның 1 019-ы (62,4 пайызы) Орал қаласында.
Сондай-ақ 14 инфекциялық стационарда 275 науқас ем қабылдауда. Ауруханалар 36,6 пайызға толған, бұл өткен аптамен салыстырғанда, 16 пайызға аз.
Жансақтау бөлімшесінде жатқан 21 науқастың 15-і ауыр, алтауы аса ауыр халде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да инфекциялық стационарлар 39,4 пайызға толғанын, коронавируспен ауырған 700-ден астам науқастың карантин талабын бұзғандығын жазған болатынбыз.