Өткен ғасырдың сексенінші жылдары салынған ғимаратты жөндеуге 93 млн. теңге бөлініп, бұл жұмысты «Батыс Сервис Строй» ЖШС атқарып шықты. Жаңартылған ғимаратта клубқа қоса кітапхана мен спорт залы да іске қосылды.
Клубтың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Кәрім Жақыпов ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, енді Рубежинде мәдени-спорттық шаралардың көптеп ұйымдастырылуына мүмкіндік мол екендігін атап көрсетті.
«Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатырдың айтуынша, аудан бойынша төрт клуб ағымдағы жөндеуден өткізілсе, тағы екеуі күрделі жөнделуде. Сондай-ақ биыл бір мектеп жаңадан салынып, тағы біреуі күрделі, сегізі ағымдағы жөндеуден өткізілді.
«Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тойланып отырған мерейлі жылы өңірде 28 мәдениет нысанын күрделі және ағымдағы жөндеуге барлығы 596,472 млн. теңге бөлінді. Соның ішінде 510,386 млн. теңгеге 10 клуб пен мәдениет үйі күрделі жөнделуде. Сондай-ақ тағы 16 клуб пен бір-бірден кітапхана мен парк ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Бұлардың бірқатарында жұмыс әлі жалғасуда. Облыста мұндай көлемде мәдениет нысандары жөнделіп көрген емес», деді ҚазАқпарат тілшісіне облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов.