ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов ауданы Ғ.Бегалиев атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Нұрдәулет Айболатов Оралда өткен «Жомарт жүрек - 2018» атты меценаттарды марапаттау форумында арнайы дипломға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жас батыр Нұрдәулет Асқарұлы «Батыл жүрек» аталымымен марапатталды.
Қошанкөл ауылында тұратын Нұрдәулет биылғы 5 мамырда тоғанға батып бара жатқан үш жасар баланы аман алып қалған еді.
«Өңірдегі таңдаулы меценаттармен бірге баламның марапатталуы, әрине, біздің отбасы үшін үлкен қуаныш. Ауылда елмен бірге қарапайым тұрмыс кешудеміз. Жолдасым Асқар Аткешев - «Нұрдәулет» атты шағын қожалықтың жетекшісі, екеуміз үш ұл тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Нұрдәулет - кенжеміз. Үлкендері Данияр мен Бақтияр үйленген, Айдана, Лунара есімді келіндеріміз, төрт немереміз бар. Өзім мектеп алды даярлық тобының тәрбиешісімін. Осындай ұлдарымыз ел үмітін ақтай берсін. Тәуелсіз Қазақстанымыздың алдағы уақытта да гүлденіп, дами беруіне тілекшіміз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Нұрдәулеттің анасы Гүлжан Сисенова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нұрдәулеттің үш жасар баланы құтқарып қалғанын және Құтқарушы күніне орай «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).