БҚО-да 37 қылмыстық іс бойынша 64 адамға айыптау үкімі шығарылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 74 адамға қатысты 43 қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қайрат Шалқаров мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, соның ішінде 37 қылмыстық іс бойынша 64 адамға айыптау үкімі шығарылды. 52 адам бас бостандығынан айырылып, 12 сотталушының бас бостандығы шектелді. Бір адам ақталды. Екі адамды мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жолдау туралы қаулы шығарылды.

Жыл ішінде сот өндірісіне 71 адамға қатысты 40 қылмыстық іс түскен, бұл алдыңғы жылғыдан 16,6 пайызға аз.

Алқабилердің қатысуымен бір қылмыстық іс қаралса, екіншісі әлі аяқталған жоқ.

БҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Тельман Ибрашевтің сөзіне қарағанда, бұл сотта да қылмыстық істер саны қысқарған. Мысалы, 2015 жылы 61 адамға қатысты 40 қылмыстық іс қаралса, өткен жылы 32 іс (47 адам) болған. Бұл қылмыстардың басым көпшілігі ұрлық пен кісі тонау, адамдарды соққыға жығу болып келеді. Алты жасөспірімнің бостандығы шектелсе, екеуі қылмыстық жазаға тартылып, біреуі қоғамдық жұмысқа жегілген. Тоғыз жасөспірімге қатысты қылмыстық іс тараптардың медиация жолымен мәмілеге келуіне байланысты қысқартылған.

Жасөспірімдер сотында сондай-ақ 385 азаматтық іс (2015 жылы - 248) қаралды. Медиация жолымен 148 азаматтық іс шешілген. Оған қоса өткен жылы 290 (2015 жылы - 962) әкімшілік іс қаралып, 197 құқық бұзушыға айыппұл салынып, біреуіне ескерту берілген. 14 әкімшілік іс қысқартылған.