Осы орайда БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті өз жұмысын жүйелі атқарып келеді. Бұл туралы департамент басшысы Меңдіхан Лұқпанов мәлім етті.
Оның айтуынша, департамент биыл да республикалық және жергілікті бюджеттің тұрақты түрде орындалуының ҚР заңнамаларына сәйкестігін назарда ұстады, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуын қадағалап, қаржылық есептілік пен бухгалтерлік есепке бақылау жүргізді. Атап айтқанда, департамент биылғы сегіз айда 21 бюджеттік бағдарламалар әкімшісінен 80 нысан бойынша 95 аудиторлық тексеру жүргізіп, мұның жалпы сомасы 2 877 246,3 мың теңгені құрады. Соның ішінде квазимемлекеттік секторларының басқару және қолдану активтері бойынша 735,0 мың теңге, бюджет қаражатының қолданылуы бойынша 119 395,8 мың теңгеге заңбұзушылық анықталды. Рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар, мүдделі жария ұйымдардың депозитарийге қаржылық есептілікті уақтылы ұсынбауы, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту тәртібінің бұзылуы, бастапқы бухгалтерлік құжаттамаларды, соның ішінде бухгалтерлік анықтамаларды ресімдеудің бұзылуы, кассалық операцияларды есепке алу және жүргізу тәртібінің бұзылуы, басқа да заңбұзушылықтар келтірген зиян 2 031 205,2 мың теңгені құрап отыр.
Биылғы сегіз айдағы тексеріс қорытындысы бойынша бюджет қаражатын қалпына келтіру мен өндірілетін соманың жалпы сомасы 2 479 965,3 мың теңгені құрады, ауқымды жұмыстың нәтижесінде орынсыз жұмсалған мемлекет қаражатының 93 пайызы мемлекетке қайтарылды.
Сонымен қатар қазір еліміздегі көкейкесті мәселенің бірі - мемлекеттік сатып алу екендігі көпшілікке аян. Биылғы сегіз айда 1 100 203,0 мың теңгеге 68 мемлекеттік сатып алу өткізілсе, соның 1 057 218,0 мың теңгесі заңбұзушылықпен жүргізілгені анықталды. 392 549,0 мың теңгені құраған 12 мемлекеттік сатып алу күшін жойды.
Департамент жүргізген тексерістердің нәтижесінде облыс бойынша 101 лауазымды, 8 заңды тұлға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі бойынша жауапкершілікке тартылып, оларға әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар 54 түрлі лауазымды тұлға тексеріс қорытындысы бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 1 қызметкер жұмысынан босатылды.
Департамент тексерісінің қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына 3 аудиторлық іс-шара процестік шешім шығару үшін жолданды, соның ішінде 1 аудиторлық іс-шара бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 14 қазандағы №1173 қаулысына сәйкес жария мүдделі ұйымдар қаржылық есептерін белгіленген тәртіп бойынша қаржылық есеп депозитарийіне жыл сайын 31 тамыздан кешіктірмей тапсыруы тиіс. Алайда аталмыш қаулының талаптарын дұрыс орындамауларына байланысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 239-бабы бойынша 13 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Департаментте сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік жағдайын жасау мақсатында тұрақты түрде бақылау нысандарында сауалнама жүргізіліп, құқық қорғау органдарымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында дөңгелек үстел отырыстары мен семинарлар өткізілуде.
«Елбасы тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес шешуші мәселеге айналып отыр. Осыған орай департамент бұдан былай да талап деңгейін төмендетпей, өз жұмысын биік жауапкершілік тұрғысынан атқара беретін болады», деп түйіндеді ойын М.Лұқпанов.