ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Самара-Шымкент жолында болған жол апатынан кейін екі адам Оралға жеткізілді.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылы тұсында болған жол-көлік оқиғасы жөнінде 22 маусым күні сағат 07.54-те шақырту түскен.
«Қоскөл ауылынан жедел медициналық жәрдем бригадасы барған. Жол апатынан 4 адам көз жұмса, 1977 және 1952 жылғы әйелдер Сырым аудандық ауруханасына, кейін санавиациямен облыс орталығына жеткізілді. Қалалық көпбейінді аурухананың хирургия бөлімшесіне жатқызылған 72 жастағы әйелдің жағдайы орташа ауыр. Нейрохирургия бөлімшесіне орналастырылған 47 жастағы әйелдің жағдайы ауыр», — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, Батыс Қазақстанда жол апатынан төрт адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).