ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен студенттің денесі Жайық өзенінен табылды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға Ақжайық ауданында болды.
«Базаршоланнан Тайпақ ауылына қарай 10 шақырым жерде 25 тамыз күні жергілікті сағат 11.35-те жедел құтқару жасағы (3 құтқарушы, 1 техника, 1 жүзу құралы) 18 жасар жігіттің денесін Жайық өзенінен алып шықты. Ол киімшең күйінде суға батып кеткен», деп хабарлады ведомстводан.
Туыстарының сөзіне қарағанда, Орал қаласында тұрған студент жаз кезінде Қыдырбай қыстағындағы ағайындарына мал бағысуға келген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да хабарсыз кеткен студенттің төртінші күн іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).