ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 4 оқушы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 4 жағдайдың барлығы Орал қаласында анықталып отыр.
Соның ішінде екеуі бір отбасынан, олар Орал қаласындағы №9 орта мектептің кезекші бірінші және үшінші сыныптарында оқиды.
Қалған екеуі – қашықтан оқып жатқан дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы облыстық мектеп-интернаты кешені мен №9 орта мектептің 6-сынып оқушылары.
«Барлық төрт бала коронавирусты ата-аналары мен туыстарынан жұқтырған. Қазіргі уақытта оқушыларда клиникалық белгілер жоқ, амбулаторлық ем алуда», - деп хабарлады білім басқармасынан.
Еске салайық, кеше Денсаулық сақтау министрлігі елімізде бүгінге дейін кезекші сыныптарда білім алатын 36 оқушыдан, қашықтан оқитын 73 баладан коронавирус анықталғанын мәлім еткен еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).