БҚО-да 40 мыңдай жұмысшы жас еңбек етеді
Оның айтуынша, осындай жиындарда жастар көкейкесті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасады, ой-пікір, ұсыныстарымен бөліседі. Елімізде жастардың жұмысшы мамандықтарын меңгеруіне баса көңіл бөлінуде. Осы орайда кәсіби білім беретін оқу орындары мен жұмыс берушілер өзара тиімді байланысты жолға қойса, қажетті мамандықты игерген түлектер жұмыссыз қалмайды.
Жастардың өндіріске жиі араласып отырғандығының жарқын мысалын осы «Орал трансформатор зауытынан» көруге болады. Елбасы мен мемлекеттің қолдауымен Индустрияландыру картасы аясында ашылған өндіріс орны жылына 10 мың дана үш фазалы қуатты трансформатор шығарып, оны ТМД елдеріне жөнелте алады. Аталмыш жоба құны 3,1 млрд. теңге болса, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес 2,6 млрд. теңге несиенің пайыздық мөлшерлемесін демеуқаржыландыруға қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде 300 жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда зауытта 208 қызметкер еңбек етсе, соның 90 пайызы - жастар.
Форумға қатысушылар «Орал трансформатор зауытының» тыныс-тіршілігімен танысып, жас жұмысшыларымен тілдесті. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры Нұржан Абдуллаев, ораушы маманы Хадиша Әбдиева және басқалар трансформатор сынды өнімдердің қалай шығарылатындығын баяндап берді.
Өңірдегі тәжірибелі өндіріс басшыларының бірі, «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ бас директоры Мұхаметжан Кенжеғұловтың пікірінше, жастардың жұмысшы мамандықтарына бет бұруы үшін заман ағымына сай қалыптасып кеткен көзқарасты өзгертпей болмайды. Күні бүгін, әсіресе, қазақ жастары қазіргі таңда аса қажетті мамандықтарды елемей, бәрі бірдей жоғары білім алып, көпшілігі қаржыгер, заңгер, аудармашы т.б. болғысы келеді. Соның салдарынан қалтасында күректей дипломы болғанымен, жұмыссыз қалады немесе мамандығын өзгертуге мәжбүр. Сонымен қатар қажетті кадр даярлауға кәсіпорындардың өздері мүдделі болуы керек. Айталық, 500-дей адам жұмыс жасаса, соның 23 пайызын жастар құрайтын аталмыш кооперация колледждерде жоқ кейбір мамандықтарды өзі оқытады, сондай-ақ білімдерін жетілдіруге мүмкіндік жасайды.