БҚО-да 40 мыңнан астам тұрғын Елбасы Жолдауын тікелей эфирден қарады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Жолдауын батысқазақстандықтар да тікелей эфирден көріп, тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласында мұндай іс-шара бірнеше жерде ұйымдастырылып, соның ішінде Достық үйіне аудан әкімінің орынбасарлары, сайлау комиссияларының төрағалары, жастар қоғамдық бірлестіктері, Қазақастан халқы Ассамблеясының Батыс Қазақстан облысындағы құрылымдық бөлімшелері, қалалық және аудандық қоғамдық келісім кеңестері, мемлекеттік мекемелер басшылары мен қызметкерлері, барлығы 150-дей адам жиналды.

Осы жиынға қатысқан Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Закария Сисенғалидің айтуынша, Елбасы бүгінгі Жолдауында Тәуелсіздік алған жылдардан бергі табыс-жетістіктерға тоқтала отырып, барлық сала бойынша алда тұрған мақсат-міндеттерді атап көрсетті.

«Соның ішінде ауылдық жерді өркендету, ауыл экономикасын көтеру мәселесі, сондай-ақ білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларында үлкен өзгерістер болатыны, соған сәйкес қомақты қаржы бөлінетіні айтылды. Осыған орай атқарушы және өкілді билік орындарына нақты тапсырмалар берілді. Ел ішінде тәртіпті күшейту, мемлекеттік қызмет тиімділігін көтеру үшін қанатқақты жобаларды жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Елбасы Жолдауы барша қазақстандықтарға тың серпін береді. Әсіресе, алдағы жылды Жастар жылы деп жариялауы өте орынды болды деп ойлаймыз. Өйткені ел болашағы - жастар. Оларға сенім арта отырып, еңбек етуіне жағдай жасай білуіміз қажет. Ендігі міндет - осы Жолдауда айтылған міндеттерді орындауға ел болып жұмыла білу», - деді З.Сисенғали.

Айта кетейік, облыстық ішкі саясат басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, өңірде 40 мыңнан астам адам Елбасы Жолдауын тікелей эфирден қарады.