БҚО-да 47 жылқыны рұқсатсыз алып бара жатқан автокөлік ұсталды
ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында 47 жылқыны рұқсатсыз алып бара жатқан жүк көлігі ұсталды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 31 тамыз күні Шыңғырлау ауданы аумағында болды.
"Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Самара-Шымкент күре жолында 47 жылқы тиелген "Вольво" жүк көлігін тоқтатқан. Жүргізушіде тасымалдау құжаттары болмаған. Аталған дерек бойынша материал жинақталып, шешім қабылдап, жауапкершілікке тарту үшін ветеринарлық инспекцияға берілді. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғыны ауылдасының шөбіне от қойып, төрт үйде 30 тонна пішен жанып кеткенін жазған болатынбыз.
Бұл оқиға да Шыңғырлау ауданында болған еді.