БҚО-да 5 жасар бала ескі тоңазытқыштың ішінде кілттеніп, тұншығып қалған
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметкері Дариға Мәжитова мәлім еткеніндей, қайғылы оқиға Бәйтерек ауданында болды. Оның сөзіне қарағанда, 8 тамыз күні сағат 22:00-де жеке үйдің ауласында тұрған «Мир» маркалы тоңазытқыштан 5 жасар баланың мәйіті табылды. Денеде зорлықпен өлтіру белгілері болмаған.
Баланы тапқан анасының айтуынша, оның үш баласы көшеде ойнап жүрген. Алайда, кешке қарай үйге шақырған кезде екеуі ғана келген. Содан кейін әйел кіші ұлын бір сағат бойы іздеген. Кейін үйдің ауласында тұрған, жұмыс істемейтін ескі тоңазытқышты ашып қарағанда, бала соның ішінен шыққан. Жедел жәрдем шақырғанымен, оқиға орнына жеткен дәрігерлер баланың өлімін тіркеді. Медициналық зерттеу қорытындысы көрсеткеніндей, бала тұншығып өлген.
«Бұл кеңестік тоңазытқышта есіктің металл тұтқасында орналасқан автоматты құлыптау жүйесі бар. Егер есікті итерсе, құлып жабылып қалады. Тоңазытқыштың сыртындағы тұтқаны тартып алғанша, тоңазытқышты ішінен ашу мүмкін емес. Сотқа дейінгі тергеу аясында баланың мәйітіне медициналық зерттеу тағайындалды. Аталған дерек жазатайым оқиға ретінде тіркелді. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін полиция департаменті барлық ата-анаға балаларын қараусыз қалдырмау керектігін еске салады. Соның ішінде ескі тоңазытқыштар кішкентай балаларға өте қауіпті болуы ықтимал», - деді Д. Мәжитова.
Фото: polisia.kz