БҚО-да 50 млн теңгені жымқырған спорт мектебінің есепшісі 7 жылға сотталды
ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО әкімдігі дене шынықтыру жəне спорт басқармасының «Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК-ның бас есепшісі Анаргүл Жұмашева ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2)-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, А.Жұмашеваға жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленіп, ол сондай-ақ 10 жыл мерзімге мемлекеттік мекемелерде, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қаржылық жəне материалдық жауапкершілікпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Сот талқысында мәлім болғанындай, А.Жұмашева 2018 жылдан бастап бас есепші қызметін атқарған. Мекеме директоры жалақы мəселесіне байланысты аударымдарды кешіктірмей аудару үшін, сонымен қатар бос уақыты болмауына жəне ауылдық округтер мен облыс орталықтарына жиі іссапарға баруына байланысты өзінің атына тіркелген «Е-Токен» құрылғысын жəне «Authenticator» мобильдік қосымшасын А.Жұмашеваға сеніп, пайдалануға берген.
Үкімде көрсетілгеніндей, бас есепші 2018 жылдың қараша айында өзінің материалдық жағдайын көтеру мақсатында, қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салу жəне иемденіп алуды көздеген. Сол үшін мекемеде қызмет атқармайтын туыстары, яғни анасы, ағалары, жеңгесі, күйеу баласы, сіңлісінің таныс құрбысының есеп шоттарын өзінің қылмыстық іс-əрекеттерінен хабардар етпей, олардың аттарындағы банктік карточкаларын пайдалану үшін əр түрлі сылтаумен сұрап алған. Содан кейін 2018 жылдың қарашасынан 2023 жылдың мамырына дейін аталған адамдарды төлем тапсырмасына тіркелетін тізімге заңсыз қосып, мекеме директорының атына тіркелген «Е-Токен» құрылғысы жəне «Authenticator» мобильдік қосымшасы арқылы түсетін кодты пайдаланып, олардың жеке карточкалық шоттарына 23 297 594 теңгені аударған. Сосын сол қаражатты банкоматтар арқылы жымқырып, өз қажетіне жұмсаған. Осындай жолмен басқа да адамдарды пайдаланған. А.Жұмашеваның қылмыстық іс-әрекеттері салдарынан мекеменің есепшотынан 49 млн 620,626 мың теңге жымқырылып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірілген.
Сот отырысында А.Жұмашева кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді.
Сот сотталушының екі жас баласы болғанымен, оның жасаған қылмысының ауырлығын, аса ірі мөлшердегі залалдың толық өтелмегенін, балаларын азаматтық некедегі күйеуінің асырап, бағып-күтуге мүмкіндігі бар екендігін ескеріп, жазаны кейінге қалдыруға негіз жоқ деп тапты.
А.Жұмашеваға келу туралы міндеттеме түріндегі мәжбүрлеу шарасы күзетпен ұстауға өзгертіліп, ол сот залында қамауға алынды.
Сотталушы үкіммен келіспей, апелляциялық сот алқасына жүгінді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қайтыс болған судьяның ұлы сот арқылы 48 млн теңге өндіргенін жазған едік.