БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінен мәлім еткеніндей, 2023 жылы 3 көшені күрделі жөндеуге құны 259 млн теңгеге жуық мемлекеттік келісімшарт жасалған.
Мердігер ретінде «Сапақ» өндірістік кооперативі қатысып, кейіннен жұмыстарды орындау үшін «Ақ-Би» ЖШС қосалқы мердігерлік ұйымын тартқан.
Өз міндеттемелерін адал орындаудың орнына, мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдардың басшылары алдын ала сөз байласу арқылы бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Олар іс жүзінде орындалған жөндеу жұмыстарының көлемі мен құнын асыра көрсетіп, жалған актілер рәсімдеген. Осы құжаттардың негізінде тапсырыс беруші мемлекеттік бюджеттен төлем жүргізген.
Құрылыс және экономикалық сараптамалар мәлімделген жұмыстардың едәуір бөлігі мүлдем орындалмағанын немесе тек ішінара орындалғанын растады. Бұл ретте нақты орындалған жұмыстардың құны шамамен 127 млн теңге болса, орындалмағаны 56,5 млн теңгеден асып кеткен.
Заңсыз жолмен алынған ақшаны схемаға қатысушылар өзара бөлісіп алған: бір бөлігі мердігер ұйымның шоттарында қалып, екінші бөлігі қосалқы мердігерге аударылып, мақсатсыз пайдаланылған.
Заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 56,6 млн теңге көлемінде аса ірі мөлшерде зиян келтірілді.
- Сот «Сапақ» ӨК директоры мен «Ақ-Би» ЖШС директорын қызметтік баптарын пайдалана отырып, алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп тапты. Олардың әрқайсысына 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар коммерциялық ұйымдарда қаржылық-шаруашылық қызметпен және материалдық жауапкершілікпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Бұдан бұрын осы қылмыстық іс бойынша Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мемлекетке 56 млн теңгеден астам залал келтірген мемқызметші сотталғанын жазған едік.