ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 58425 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соның 6329-ы – медицина қызметкерлері, 6864-і – педагогтар, 3315-і – құқық қорғау органдары, 41917-сі – басқа сала өкілдері.
Сонымен қатар 22464 адам екінші компонентті қабылдады.
Ақпанның 1-інен бері облысқа барлығы 102200 доза (77050-і – бірінші, 25150-і – екінші компонент) вакцина жеткізілді.
Соңғы рет, 5 мамырда Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген 17500 доза (І компонент) Hayat-Vax араб вакцинасы түсті.
Өңірде тұрғындарды вакцинациялау одан әрі жалғасуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы аптала коронавирус жұқтыру көрсеткіші 8 пайызға төмендегенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).