ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Шалқар көлінде қайғылы оқиға болды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 12 шілде күні Шалқар көлінде құтқарушылар 1967 жылғы ер адамның денесін судан шығарды. Марқұм белгісіз жағдайда батып кеткен.
ТЖ департаменті қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, жыл басынан бері 23 адам суға кетсе, соның ішінде төртеуі – балалар. Соның ішінде шомылу маусымы басталған маусым айынан бері 15 адам (үшеуі – бала) қазаға ұшырады.
ТЖ департаменті судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтау керектігін еске салады. Атап айтқанда, тыйым салынған жерлерде және түнгі уақытта суға шомылмау керек. Құтқару құралдарын пайдаланып, балаларды қараусыз қалдырмау қажет.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда суға батып кеткендер саны 20-ға жеткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).