БҚО-да 600-ден астам білім қызметкерінің құқығы бұзылғаны анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Сырым ауданы прокуратурасы білім саласының 624 қызметкерін еңбек құқығын қорғау үшін шаралар қабылдады.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ұжымдық келісім-шарттарды талдау барысында әлеуметтік демалыс және басқа да әлеуметтік кепілдіктер беру шарттары тиісті түрде ескерілмегені анықталды. Бұл еңбек заңнамасын бұзу болып есептеледі.
Аталған заң бұзушылық жұмысшылардың демалу құқығына шектеу қойып, еңбек жағдайының нашарлау қаупін тудырды.
- Прокуратураның араласуы нәтижесінде ұжымдық шарттардың талаптары заң талаптарына сәйкес келтірілді, ал қызметкерлер үшін барлық тиісті әлеуметтік демалыстар мен жеңілдіктер қамтамасыз етілді. Қабылдаған шаралар қызметкерлердің бұзылған құқығын қалпына келтіруге және бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік берді. Қадағалау актісін қарау нәтижесі бойынша 11 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады прокуратурадан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын мас күйінде рульге отырған БҚО тұрғны өмір бойына көлік басқара алмайтынын жазған болатынбыз.