ОРАЛ. ҚазАқпарат - «ҚазАрмаПром» зауытында 160-тан астам қару жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қару зауыт пештерінде балқытылып, одан 200 келідей металл алынды.
Жойылған қару ішінде 134 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 22 газды тапанша, 1 травматикалық тапанша, 1 шолақ мылтық бар.
Тұрғындар өз еркімен тапсырған, сондай-ақ айғақ зат ретінде тәркіленген қарулар тоқсан сайын жойылып отырады. Бұл - биылғы соңғы шара.
Айта кетейік, жыл бойы өңірде 600-ден астам қару жойылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).