ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында өз үйінен 64 жастағы тұрғынның денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, марқұмның мүрдесінде зорлық-зомбылық белгілері болған.
Жедел іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа күдікті ретінде Тасқала ауданының 39 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне сәйкес (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қылмыстық істі Приурал полиция бөлімі тергеп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 17 соғыс сарбазының сүйегі табылып, туыстары іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).