БҚО-да 7 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді

Фото: Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО-да 379 мектепте 124 мыңнан астам оқушы білім алады. БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, Орал қаласындағы 73 білім ордасында 66 мыңнан астам шәкірт бар.  

Елдос Набиоллаұлының сөзіне қарағанда, 10 635 оқушы 9-сыныпты аяқтаса, 7 095 түлек мектеп бітіреді. Соның ішінде 337-сі (Оралда – 167) «Алтын белгіден», 419-ы (232) «Үздік аттестаттан» үміткер. 

Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамыр – 5 шілде аралығында өткізілуде. Облыс бойынша 6 427 оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірді. 

– Мемлекет басшысының білім саласына қатысты тапсырмаларын және стратегиялық маңызы бар құжаттарды сапалы жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы оқу жылында өңірде 4 768 жаңа оқушы орны құрылды. 193 робототехника, химия, биология, физика және STEM-пәндер бойынша заманауи пәндік кабинеттер жабдықталды. Сондай-ақ мектептерді реновациялау бағдарламасы басталды. Биыл 6 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізіледі, - дейді Е.Сафуллин. 

Оның айтуынша, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда 78 оқушы 14 алтын, 24 күміс, 43 қола медальдың иегері атанды. 

Қазіргі уақытта облыстың білім беру ұйымдарында 21 мыңнан педагог еңбек етіп жатса, соның 70 пайызға жуығы – жаңа сипаттағы санатқа ие. 

– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 мектеп құрылысы қолға алынса, соның үшеуі пайдалануға берілді. Білім беру инфрақұрылымын дамыту қорының қаражаты есебінен өткен жылы Оралда бұрын апатты жағдайда болған № 31 мектеп ғимараты жаңадан салынып, өз есігін айқара ашса, биыл дарынды балаларға арналған № 8 облыстық мамандандырылған мектеп-лицейі құрылысын төртінші тоқсанда аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ 2025-2027 жылдар аралығында білім басқармасына қарасты 86 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұған қажетті қаржы көлемі – 60 млрд 521,8 млн теңге. Оған қоса 5 мектептің құрал-жабдықтарына 424,975 млн теңге бөлінді. Күні бүгін конкурстық құжаттама дайындалуда, - деді басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын соғыс жылдары Оралдағы мектеп әскери госпитальға айналғанын жазған болатынбыз.