ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 70-тен астам адамды алдаған «SWEET MONEY» қаржы пирамидасы ҚР ҚК 217-бабына сәйкес тергелуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті мәлім еткеніндей, аталған қаржылық пирамиданы ұйымдастырушылар «WhatsApp» мессенджері арқылы қаржы тартқан.
Жоба шартымен келіскендер «Kaspi Gold» банк картасына ақша салып, алты күннен кейін салым сомасының 50-70 пайызын сыйақы есебінде алуға тиіс болған. Қаржы пирамидасының құрылымына сәйкес қаражат салымшыларға жаңа қатысулар салған ақша есебінен бөлінеді. Әдетте пирамида құрушы қомақты қаражат жинап алғаннан кейін төлемдерді тоқтатады және барлық ақшамен із-түзсіз жоғалады.
«Алданғандар салған қаржы көлемі әр түрлі. Кейбіреулер 200 мың теңгесінен айырылса, біреулер 5 мың теңге салған. Егер «SWEET MONEY» зергерлік салонының осындай әрекеттерінен басқа да зиян шеккендер болса, департаменттің 7 (7112) 53-84-27 сенім телефонына қоңырау шалғаны жөн», деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).