БҚО-да 8 адам қаза тапқан жол апатына байланысты комиссия құрылды

Фото: freepik

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен Чапаев-Жаңақала-Сайқын бағытындағы тас жолда болған жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі комиссия құрылды.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес құрылған жұмыс тобы Жаңақала ауданында орын алған жол апатының мән-жайын толық әрі объективті анықтауды, сондай-ақ зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді, оқиғаның себептері мен мән-жайына талдау жүргізіп, құзыретті органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

Комиссия құрамына облыс прокуроры, облыстық полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және салалық басқармалар басшылары, Жаңақала ауданының әкімі енгізілді.

- Бұл - бүкіл өңіріміз үшін өте өкінішті жағдай. Ауыр қаза қаншама отбасына орны толмас қайғы әкелді. Зардап шеккендерге тиісті медициналық жәрдем беріледі, ал қаза тапқандардың отбасыларына заң аясында көмек көрсетілетін болады, - деді облыс әкімі.

Өңір басшысы Жаңақала ауданының әкіміне қаза тапқан жандардың жерлеу рәсімін ұйымдастыруды, сондай-ақ зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетуді тапсырды.

Аталмыш жол апаты салдарынан қаза тапқан азаматтар – Жаңақала ауданы Мұқыр, Жаңақала, Қызылоба, Мәстексай және Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылының тұрғындары.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан 8 адамның көз жұмғанын жазған едік.