БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес құрылған жұмыс тобы Жаңақала ауданында орын алған жол апатының мән-жайын толық әрі объективті анықтауды, сондай-ақ зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді, оқиғаның себептері мен мән-жайына талдау жүргізіп, құзыретті органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Комиссия құрамына облыс прокуроры, облыстық полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және салалық басқармалар басшылары, Жаңақала ауданының әкімі енгізілді.
- Бұл - бүкіл өңіріміз үшін өте өкінішті жағдай. Ауыр қаза қаншама отбасына орны толмас қайғы әкелді. Зардап шеккендерге тиісті медициналық жәрдем беріледі, ал қаза тапқандардың отбасыларына заң аясында көмек көрсетілетін болады, - деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Жаңақала ауданының әкіміне қаза тапқан жандардың жерлеу рәсімін ұйымдастыруды, сондай-ақ зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетуді тапсырды.
Аталмыш жол апаты салдарынан қаза тапқан азаматтар – Жаңақала ауданы Мұқыр, Жаңақала, Қызылоба, Мәстексай және Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылының тұрғындары.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан 8 адамның көз жұмғанын жазған едік.