ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзған 8 өзбекстандық елден шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, көші-қон қызметі басқармасы сот шешімін орындау мақсатында ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған Өзбекстанның 7 азаматын мәжбүрлі түрде елден шығарды.
«Сонымен қатар, Бөрлі ауданы полиция бөлімі көші-қон қызметі тобының инспекторы, полиция капитаны Сауалат Тұрымов жүргізген жедел іздестіру іс-шарасы барысында бұдан бұрын аудандық сот шешімімен елден шығарылған өзбекстандық азаматтың Ақтау қаласы аумағында жүргенін анықтады. Ол 2022 жылдың тамызынан бері іздестірілген болатын. Көші-қон заңнамасын бұзғандардың бәрі «Тәжен» бақылау-өткізу бекеті арқылы шығарылып, 5 жыл мерзімге Қазақстанға кіруге тыйым салынды», - деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).