БҚО-да 8 жастағы баланы ұрып өлтірген туысқаны құрықталды- ІІМ

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - БҚО-да 8 жастағы баланы ұрып өлтірді деген күдікпен туысқаны құрықталды.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Батыс Қазақстандық  полицейлер 8 жастағы ер баланы өлтіру қылмысын ашты. Оның зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті Зашаған кентіндегі (Орал қаласының аумағы) өз үйінде табылған болатын. Сол күні қылмысты жасаған деген күдікпен баланың 28 жастағы немере ағасы құрықталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды»,-деді ресми өкіл.

Күдіктінің жәбірленушінің отбасымен бір үйде тұрып жатқаны және сол күні баланың ата-анасы 8 наурыз мерекесін тойлауға қонаққа кетіп, баланы немере ағасымен бірге қалдырып кеткені анықталды. 

«Араққа тойып алған күдікті 8 жастағы немере інісін ұрып-соғып, қылғындырып өлтірген. Қонақтан келген ата-ана баласының өлі денесі көріп, медициналық жедел жәрдем мен полицияны шақырған»,-деді Н. Ораз.

Іс бойынша бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды.  Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.