Оның айтуынша, биыл зейнетақы төлемдері екі мәрте арттырылады. Біріншіден, Қазақстан Республикасының «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2016 жылғы 29 қарашадағы №№ 25-VI Заңына сай облыс бойынша 82 мыңнан астам зейнеткерге 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған ынтымақты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9 пайызға көбейтілді.
Екіншіден, Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы төлемдері 2016 жылдың деңгейіне сәйкес 20 пайызға ұлғайтылады. Мысалы, егер ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылы 40 000 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9 пайызға арттырылып, 43 600 теңгені құрайтын болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 11 пайызға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 48 396 теңге болады. Осылайша, 2017 жылы ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға ұлғайтылмақ.
Базалық зейнетақы 2017 жылғы 1 қаңтардан 7 пайызға, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 13 пайызға ұлғайтылады.
Осы өзгерістерді ескере отырып, зейнетақының ең төменгі мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 2016 жылғы 37 789 теңгеден 2017 жылғы 1 шілдеде 45 711 теңгеге жетеді. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін ұлғаяды.
Сондай-ақ әйелдердің бала тууына байланысты берiлетiн бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінің көбейтілуі өңір тұрғындарын қуантатыны анық. Облыста жыл сайын 11 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Бұл жәрдемақы 2017 жылғы 1 қаңтардан 7 пайызға, ал 2017 жылғы 1 шілдеден тағы 20 пайызға арттырылады. Нәтижесінде 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда өсім 27 пайызды құрайтын болады.
Егер өткен жылы бірінші, екінші, үшінші баланың тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 66 621 теңге болса, 2017 жылғы 1 қаңтарда 71 270 теңге болып, 1 шілдеде 86 222 теңгеге дейін артпақ. Өткен жылы төртінші баланың тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 111 035 теңге болса, 2017 жылғы 1 қаңтарда 118 мың теңге болып, 1 шілдеде 142 947 теңгені құрамақ.
«2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына сай 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап:
1) жалақының ең төменгі мөлшері - 24 459 теңге;
2) мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшері - 12 802 теңге;
3) зейнетақының ең төменгі мөлшері - 28 148 теңге;
4) жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу үшiн айлық есептiк көрсеткіш - 2 269 теңге;
5) базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн ең төменгi күнкөріс деңгейiнiң шамасы 24 459 теңге болып белгіленді.
Сонымен қатар 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептiк көрсеткiш және ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң шамасы өзгеруіне байланысты барлық жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрлерінің мөлшері 7 (жеті) пайызға өсірілді.