БҚО-да 898 баланың ата-анасы екпеден бас тартып отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында балаларды екпемен қамту көрсеткіші 97 пайыз болғанымен, 898 баланың ата-анасы екпеден бас тартып отыр. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасында «Балалар арасында вакцинацияны ұйымдастыру, екпеден бас тарту мәселелері» деген тақырыпта Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің профессоры, медицина ғылымдарының докторы Гүлшат Құлниязованың қатысуымен өткізілген дөңгелек үстел отырысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Түрлі мекеме-ұйымдар өкілдерімен қатар балаларын ектіруден бас тартқан ата-аналар қатысқан жиында аталмыш мәселенің туындау себептері, түсіндіру жұмыстарын жүргізу жолдары сөз болды. Ата-аналар көбінесе діни наным-сенім негізінде бас тартады, сондай-ақ екпе баланың науқастануына немесе денсаулығына кінәрат келтіреді деп ойлайды. Өткен жылы 550-ден астам ата-ана бас тартса, биыл олардың қатары көбейіп отыр.

Балаларды ектірмеудің соңы түрлі жағдайларға соқтыруы мүмкін. Мысалы, егілмеген балалардың ішінен екеуі жұқпалы дертке шалдықты, 2014 жылы екі жасар балдырған туберкулезбен ауырса, 2016 жылы 8 жасар бүлдіршін көкжөтелмен сырқаттанды», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айнаш Ғұбайдуллина.

«Тұрғындар арасында екпе жұмысының маңыздылығын ұғындыру мақсатында жоспарлы жұмыс жүргізу қажет. Әсіресе, өз балаларының дені сау болып өсуі үшін аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы ектірудің маңызы зор екендігіне ата-аналардың түсінік деңгейін көтеріп, көзін жеткізу қажет. Мұндай шаралар облыс аудандарында да ұйымдастырылады. Біз сол ата-аналармен кездесіп, олардың да пікірлерін тыңдап, өзара сенім негізінде жұмыс жасайтын боламыз», деді профессор Гүлшат Құлниязова.