ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жалған дипломмен жұмыс істеген медбике анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Жаңақала аудандық ауруханасына 37 жастағы әйел медбике ретінде орналасқан.
Алайда оның медициналық білімі туралы дипломының жалған екендігі белгілі болды.
Жаңақала аудандық орталық ауруханасының директоры 1984 жылғы әйелдің жалған дипломды пайдаланғаны туралы полицияға хабар берген.
Аталған әйел медбике болып 2012 жылдан бері жұмыс істеп келген.
«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 385-бабы 3-бөлігіне (жалған құжаттарды қолдан жасау немесе өткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция департаменті жалған құжаттарды пайдаланған адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді», деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).