БҚО-да адамдардың суға кетуі мен даланың өртке орануы жиілеп тұр

ОРАЛ. 19 шілде. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында ауа райының ыстық болуына байланысты адамдардың суға кетуі мен даланың өртке орануы жиілеп тұр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен түскен мәліметке қарағанда, 17 шілде күні Жаңақала ауданы Қырқопа ауылының 1986 жылғы Н. деген тұрғыны Көшім өзеніне суға түсуге болмайтын жерден түсіп, содан шықпай қалған. Мұның алдындағы сенбі, жексенбі күндері Жәнібек ауылында төрт жасар сәби, ал Шаған өзенінде отыз жасар ер адам тілсіз жаудың құрбаны болған еді.

Өңірде жыл сайын 35-тен 45-ке дейін адам суға кетеді. Биылдың өзінде 19 адам сондай көлденең қазаға ұшыраса, соның алтауы балалар болып отыр.

Сондай-ақ 17 шілде күні Жәнібек ауданы Ағоба ауылдық округіне қарасты Пайыл маңында 530 га, «Ақжол» шаруа қожалығының 250 га жері, барлығы 780 га дала отқа оранды.

Жалпы, өңірде өрт қаупі сейілген жоқ.