ОРАЛ. ҚазАқпарат – 11 мамыр күні Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Алғабас ауылының тұрғыны Талғат Жұмазов үйінің ауласында жер қазып жүріп, адамның бас сүйегін, қылыш пен бес жебенің ұшын тауып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қылышты тот басса, жебенің ұштары көгерген.
Аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың айтуынша, адамның бас сүйегі мен жәдігерлердің қай ғасырға жататынын анықтау мақсатында облыстық тарих және археология орталығынан мамандар шақыртылды.
«Сырым ауданында тарихи орындар баршылық. Соның ішінде ел бастаған көсем, қол бастаған батыр Сырым Датұлы ту іліп, қарауыл қойған әйгілі «Сырым шыққан төбе» Алғабас ауылынан алыс емес. Сондай-ақ Жұмағазы қазірет – «Дәдем ата» кешенінде Ерсары Аңқаты өзенінің жағасында Сырымның аталас ағайыны Ерсары батыр Бекетайұлы да жерленген. Бұл осы маңда талай ұрыстың өткенін айғақтайды. Сонымен бірге қылыш пен жебе ұшының одан да көне дәуірге тиесілі болуы ғажап емес. Оны айқындау археолог ғалымдардың еншісінде», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Сарқұлов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).