БҚО-да АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың басым бөлігі Оралда тіркеліп отыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 1996 жылдан бастап күні бүгінге дейін адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясын жұқтырған 1 231 адам тіркелді.

Фото: ДСМ

Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар орталығы алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биылғы алты айда жаңадан 25 адамның ауырғаны анықталды, дегенмен бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 44,4 пайызға төмен. 

Нұрлыбек Ермекұлының сөзіне қарағанда, жаңадан сырқаттанғандардың 19-ы немесе 76 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді. Сонымен қатар Бөрлі ауданында 3, Бәйтерек, Сырым және Бөкей ордасы ауданында 1 деректен белгілі болды. 

— АИТВ жұқтырғандардың 36 пайызы — 40-49, 28 пайызы — 30-39, 12 пайызы — 20-29, 8 пайызы — 50-59 жас аралығындағылар. Ал 16 пайызы — 60-тан асқандар. Бұл инфекцияның негізінен еңбекке қабілетті жастағы адамдар арасында анықталатынын көрсетеді. Әлеуметтік мәртебесі жағынан алғанда, 48 пайызы — жұмыс істейтін азаматтар, 36 пайызы — жұмыссыздар, 16 пайызы — зейнеткерлер. Сондай-ақ пациенттердің 64 пайызы ерлер болса, 36 пайызы — әйелдер, — дейді Нұрлыбек Мұстаев.

Оның айтуынша, ауырғандардың 64 пайызы жыныстық, 32 пайызы инъекциялық есірткіні қолданумен байланысты парентералдық жолмен жұқтырған.

Жыл басынан бері өңірде АИТВ-ның анадан балаға берілуінің бірде-бір дерегі тіркелген жоқ. Облыста жүкті әйелдерді және олардың жыныстық серіктестерін АИТВ инфекциясына тексеру қадағаланады. Бұл ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға және жүктілік пен босанудың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл АИТВ инфекциясымен өмір сүретін 4 жүкті әйел медициналық бақылауда болып, дені сау балаларды дүниеге әкелді. 

АИТВ инфекциясы анықталған барлық пациентке қатысты эпидемияға қарсы іс-шаралардың толық кешені жүргізілді. Эпидемиологиялық тексеру ұйымдастырылып, байланыста болған адамдар тексерілді. Пациенттердің бәрі диспансерлік есепке алынып, олар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында емделеді. Ең алдымен ретровирусқа қарсы терапияны қабылдайды. 

— Алты айда облыс бойынша 62 859 адам АИТВ инфекциясына тексерілді. Сонымен қатар негізгі топ өкілдері үшін облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында «Сенім пункті» мен «Достық» кабинеті жұмыс істейді. Мұнда адамдар тегін және жасырын түрде АИТВ-ға экспресс-тестілеуден өтеді. Мамандар кеңесін алып, В және С вирустық гепатиттеріне, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға тексеріледі. Сондай-ақ медициналық көрсетілімдер бойынша қажетті емдерін алады. Бұл бөлімшелердің қызметі АИТВ инфекциясын анонимді түрде ерте анықтауға, оның таралуының алдын алуға және негізгі топтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, — деп қосты Нұрлыбек Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 12 адамның АИТВ инфекциясын жұқтырғанын жазған едік.