ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданында VI «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының облыстық жарыстары мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Төрт жылда бір келетін ауыл спорты ойындарының жабылу рәсіміне қатысқан БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, сол үшін Зеленов ауданы басшылығына ризашылығын жеткізді. Аудан әкімі, белгілі спортшы Асхат Шахаров та барлық ауданнан келген командалардың белсенділік танытқанын атап өтті.
Бес күнге созылған жарыс барысында ат бәйгесі, аударыспақ, теңге алу, жамбы ату, көкпар, волейбол, қазақ күресі, жазғы президенттік көпсайыс, гір спорты, қол күресі, асық ату, тоғызқұмалақ және шағын футболдан жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды.
Жалпыкомандалық есепте Бөрлі ауданының командасы үздік шықты. Сондай-ақ зеленовтықтар екінші, ақжайықтықтар үшінші орынға ие болды. Жарыс жүлдегерлері кубок, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Енді үздік спортшылардан облыс құрамасы жасақталып, ауыл спорты ойындарының республикалық кезеңіне қатысады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).