ОРАЛ. KAZINFORM — Kazinform бұдан бұрын жазғанындай, Сырым ауданы әкімдігі ғимаратында төбелес болып, бір адам ауыр жарақат алған еді.
Осы оқиғаға байланысты аудан әкімі аппаратының басшысы Ерболат Ахметов жауап берді.
Оның айтуынша, төбелеске мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері қатыспаған. Оқиға жұмыстан тыс уақытта 14 наурыздан 15-іне қараған түні болған.
— Әкімшілік ғимаратты «Minnur Kuzet» ЖШС күзетеді. Осы мекеменің қызметкері бөгде екі адамды кіргізіп, бірге спирттік ішімдік ішкен. Келіспеушіліктің соңы төбелеске ұласқан. Қазіргі уақытта «Minnur Kuzet» ЖШС-мен келісімшартты бұзу туралы хат жолданды, — деді Ерболат Ахметов.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, күні бүгін жәбірленуші Оралдағы қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).