БҚО-да Ақтөбедегі лаңкестік оқиға кезінде ерлікпен қаза тапқан Берікжан Қалиевке ескерткіш тақта ашылды
Оның ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев бейбіт кезде лаңкестерге қасқая қарсы тұрған ердің есімі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Берікжанның ағасы Бауыржан Қалиев тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында інісіне көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ осы күні соғыс және еңбек ардагерлері Қоңқаш Еңсепов пен Жүсіпқали Қарақұлов атындағы көшелерге қос майдангерге мемориалдық тақта, ал М.Ықсанов атындағы мектепте ауыл еңбеккерлеріне құрмет тақтасы орнатылды.
Еске сала кетейік, Ақтөбедегі оқиға кезінде лаңкестер қолынан қаза тапқан 6655-әскери бөлімінде келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержант Берікжан Қалиев 8 маусым күні осы Жақсыбай ауылында құрметпен жерленген болатын. Кейін соңында зайыбы Нұрсұлу мен төрт баласы қалған марқұмның отбасына Орал қаласынан үш бөлмелі пәтер берілді.