ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақсай қаласында тұратын алаяқ әйел үй алып беремін деп 23 адамды алдап, 15 млн теңгеге отырғызып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 45 жастағы әйел өзінің жымысқы әрекетін 2020 жылдың көктемінде бастаған.
Үй алып беремін дегенге сеніп қалғандардың арасында Орал, Алматы, Атырау қалаларының тұрғындары бар. Алаяқтың қасында сыбайласы болған.
Жәбірленушілерге келтірілген залал мөлшері 15 млн теңгеден асқан.
«Қазіргі кезде ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталу үстінде. Егер одан жапа шеккендер болса, жергілікті мекенжайы бойынша полиция бөліміне шағымдана алады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қарақшылардың тал түсте несие беретін кассирді тонап кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).