ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада тоғыз бірдей алаяқтық дерегі тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, алаяқтық үш мәрте ақша, ұйымдастыру техникасын ұтып аласың деген желеумен жасалған. Сондай-ақ үш рет қарызға алынған ақша қайтпаған. Сол секілді жер телімін, ғаламтор арқылы автокөлікке қосалқы бөлшек сатып аламын және ноутбугін жөндетемін деп жер соғып қалғандар бар.
Мысалы, 14 тамыз күні алаяқ Орал қаласындағы Құрманғазы және Ә.Молдағұлова атындағы көшелердің қиылысында тез ұтысқа ие боласыңдар деп екі адамның 225 мың теңгесін үптеп кеткен. Осындай оқиға 16 тамыз күні Бөрлі ауданында да болды. Бұл жолы алаяқтың қармағына зейнеткер ілігіп, ол 1 млн теңгесінен айырылған. Күдікті әлі ұсталған жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).