БҚО-да алаяққа сенген тұрғын 1 млн теңгесінен айырылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында алаяққа сенген тұрғын 1 млн теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Ақсай қаласында тұратын әйел 53 жастағы тұрғынға Whatsapp мессенджері арқылы ақшасын көбейтіп беремін деп, уәде берген.

Ақыры оның 1 млн теңгесін жымқырып кеткен.

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында 35 жастағы әйел ұсталды. Одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Атырау тұрғынының жұмысқа орналастырамын деп 14 адамды алдап кеткенін жазған болатынбыз.