БҚО-да алаяқтар жәбірленушілерге келтірген залал 260 млн теңгеден асты

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы екі айда 105 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді.

Фото: Polisia.kz

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне 280 құқыққа қарсы интернет-ресурс енгізілді.

Екі айда жәбірленушілерге келтірілген 260 млн теңгеден астам залалға қатысты 697 күдікті есепшот бұғатталды. Соның ішінде 2,5 млн теңге бұғатталды, 1 млн теңге қайтарылды. Ал 1,5 млн теңге бойынша қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Жыл басынан бері 27 мыңнан астам адам қамтылған профилактикалық іс-шаралар өткізілді. «Egov» сайты арқылы 8 мыңнан астам азамат несие алудан ерікті түрде бас тартты. 2026 жылғы 1 ақпан – 30 сәуір аралығында облыс аумағында республикалық «Anti-fraud» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Күні бүгінге дейін 61 қылмыс ашылды, оның ішінде 33-і тәулік ішінде, 28-і – бұрын жасалған қылмыстар, мұның 11-і өткен жылдар санатынан. Биылғы екі айда ең үлкен тіркелген шығын – 16 млн теңге (инвестициялық жарнама).

– Интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері: жалған қоңыраулар, мессенджерлер арқылы жасалатын алдау әрекеттері. Фишингтік сілтемелер және дербес мәліметтердің қауіпсіздігін сақтау мәселелері бойынша алаяқтар азаматтарды алдайды. Сондықтан азаматтарды күмәнді хабарламалар мен қоңырауларға сенбеуге, жеке деректерді бөгде тұлғаларға бермеуге және күмән тудырған жағдайларда құқық қорғау органдарына жедел хабарласуға шақырамыз, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматыда ірі көлемде алаяқтық жасаған күдіктінің Оралда ұсталғанын жазған болатынбыз.