БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Миржан Нұртазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бұл жоба ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген облыстың кешенді даму жоспары аясында жүзеге аспақшы.
Оның сөзіне қарағанда, 2023 жылы – 6 млрд, 2024 жылы – 7 млрд, 2025 жылы 7 млрд теңге қарастырылмақшы.
Қазіргі кезде өңірде электр желілері мен қосалқы станциялардың 82 пайызы тозса, аталған жоспар жүзеге асқан жағдайда 62 пайызға дейін төмендейді.
Күні бүгін 97 млн-ға жуық теңгеге 12 жобалық-сметалық құжаттама жасалуда.
«Сонымен қатар жөндеу жұмыстары «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның өз қаражаты есебінен жыл сайын жүргізіледі. Биыл осы мақсатқа 707,2 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ биыл аталған серіктестік үшін 437,1 млн теңгеге төтенше жағдай желісі арқылы түрлі техника сатып алуға бюджеттік өтінім жолданды», деді Миржан Нұртазиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу құбырлары 50,7 пайызға тозғанын жазған болатынбыз.