ОРАЛ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай Оралдағы «Арман» спорт кешенінде әлеуметтік сала қызметкерлері арасында волейболдан жарыс өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Салауатты өмір салтын орнықтыру мақсатында алғаш рет ұйымдастырылған турнирге Орал қаласы мен облыс аудандарынан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінен, «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан барлығы 18 команда қатысып, бақ сынады.
Жарыс қорытындысында Бөкей ордасы ауданы командасы жеңімпаз атанса, жаңақалалықтар екінші, ақжайықтықтар үшінші орынға ие болды. Сырымдық Эльмира Кенесарина «Үздік қорғаушы», «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан Алтынбек Нәбиев «Үздік шабуылшы», теректілік Мөлдір Амангелдина «Үздік ойыншы» атанды.
«Мұндай шаралар қызметкерлерді спортпен тұрақты айналысуға ынталандырып қана қоймай, бір-бірімен етене араласып, пікірлесуіне, олардың арасында жақсы ахуал орнауына мүмкіндік береді. Сондықтан волейбол додасын жыл сайын ұйымдастыру көзделуде», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).