ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында кішкентай балалар арасында оқыс оқиғалар жиілеп кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматованың мәлім еткеніндей, басқасын айтпағанда, жыл басынан бері балдырғандар қатты күйіп қалған төрт бірдей оқиға тіркелді.
Кеше Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында 11 айлық қыз бала ыстық суға күйіп қалған. Оның денесінің 20 пайызын күйік шалған. Бұдан бірер күн бұрын Оралға қарасты Серебряков кентінде 1 жас 8 айға толған қыз бала дәл сондай жағдайға тап болып, денесінің 63 пайызын күйік шалған. Қазір екеуі де облыстық көп бейінді балалар ауруханасында емделуде.
Сондай-ақ 23 қаңтар күні түс қайта Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында 2011 жылғы қыз бала шанамен сырғанап келе жатып, автокөліктің астына кіріп кетіп, қайтыс болған.
«Мұның барлығының басты себебі - ата-аналарының балаларын қараусыз қалдыруы», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Ф.Саматова.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).