ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында аң аулауға шығып, жоғалып кеткен ер адамның мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, 40 жастағы тұрғын 2 сәуір күні кешкісін Теректі ауданы Аңқаты ауылынан 20 шақырым жерде Шалқар көлінің жағасында аң аулауға кеткеннен оралмаған болатын.
«Ер адамның денесін полиция қызметкерлері мен еріктілер 12 сәуір күні сағат 15:40-та оқиға болған маңнан 12 шақырым жерден тапты. Мылтығы өзімен бірге қалған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).