БҚО-да анасын өлтірген жасөспірім 9 жылға сотталды

Фото: freepik.com

ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен анасын өлтіру дерегі бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты үкім шықты.

Аталмыш соттың баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жасөспірімге ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес аса қатыгездікпен адам өлтірді деген айып тағылды.

Істің мән-жайын заң бойынша жария ету мүмкін болмағандықтан, іс жабық сот отырысында қаралды. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, шын ниетпен өкінетінін айтты.

Үкімді шығару кезінде сотталушының кәмелетке толмағаны, мінез-құлқы, қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен жасаған қылмысының ауырлығы және шын ниетпен өкінуі ескерілді.

Сот заң талаптарын негізге ала отырып, оған ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігімен 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 56 жастағы әйелдің пышақ жарақатынан көз жұмғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да анасын өлтірді деген күдікпен жасөспірім ұсталды. Онда 16 жасар жасөспірімнің өз анасын өлтіргені айтылған еді.